Бүгін Астана медицина университетінде Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Денсаулық сақтау вице-министрлері Ерлан Қиясов, Ажар Ғиният және басқа да медициналық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен «Қазақстанның денсаулық сақтау саласы – тәуелсіздіктің 30 жылында: нәтижелер, сын-қатерлер және перспективалар» атты конференция өтткізілді. Шара еліміздегі денсаулық сақтау саласы мен медициналық білім берудің бүгінгі ахуалын, алдағы жылдарға арналған жоспарларды талқылауға бағытталған.
Шарада денсаулық сақтау вице-министрі А.Гиният баяндамасында медициналық білім берудің қазіргі жағдайы мен оны жетілдіру жоспарлары туралы айтты. Ол финдік және басқа еуропалық серіктестердің тәжірибесіне сүйене отырып, мейіргер ісін дамытудағы оң өзгерістерге тоқталды: қолданбалы бакалавр дәрежесін енгізу (3 жыл 6 ай), қысқартылған оқыту бағдарламасы (1 жыл 6 ай), мейіргер ғылымы бойынша Pre-PhD және PhD бағдарламалары, өз деңгейінде диагноз қоя алатын «Кеңейтілген тәжірибедегі мейіргер», сондай-ақ денсаулық сақтау басқармаларында «мейіргер ісі бойынша үйлестіруші» лауазымын енгізу. Осының барлығы мейіргер ісін нығайтуға және мейіргер ғылымы мен жалпы ғылыми-зерттеу қызметті дамытуға мүмкіндік беруі керек.