Erasmus Days шарасы аясында 2021 жылы 14 қазанда Астана медицина университетінде AccelEd командасының мүшелері «Erasmus+ бағдарламасы аясында мейіргер ісін жетілдіру жолдары» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Шараға «Мейірбике ісі» мамандығының магистранттары, «Мейірбике ісі» мамандығының докторанттары, оқытушылар және практикалық мейіргерлер шақырылды.
Академиялық қызмет департаментінің директоры, AccelEd жобасының үйлестірушісі Жанар Букеева құттықтау сөз сөйлеп, білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, университет оқытушыларының әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін Erasmus+ бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.
Халықаралық ынтымақтастық орталығының жетекшісі Лилия Билан студенттерге Erasmus+ бағдарламасы туралы толық баяндады.
Erasmus+ кредиттік ұтқырлық бағдарламасы аясында оқытушылар құрамы мен студенттер өз мамандықтары бойынша Еуропаның жоғары оқу орындарында (Финляндия, Литва және т.б.) білім ала алады. Бұл үшін олардың ағылшын тілінде сөйлеуі маңызды.
618052-EPP-1-2020-1-LT-EPPKA2-CBHE-SP «Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде магистратура мен PhD докторантура деңгейінде мейірбике ісін жетілдіру-AccelEd» жобасының мүшелері Ж. Букеева, Д. Қожахметова, Е.Мұратбек, У.Салтабаева, докторант А. Машарипова, магистрант К. Губская, магистрант М. Мамырбекова жобаның жүзеге асырылуы туралы айтты.
Тренингке қатысушылар Erasmus+ жобаларына қатысу және алынған нәтижелерді өз қызметінде қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Магистратура мен докторантура орталығының жетекшісі Айжан Егізбекова магистратура мен докторантура деңгейіндегі «Мейіргер ісі» және «Мейіргерлік ғылым» білім беру бағдарламалары бойынша оқытудың траекториялары туралы баяндама жасады.
Әрине, халықаралық жобаларға қатысу оқытушыларға, студенттерге, қызметкерлерге өз әлеуетін арттыруға, командалық жұмыс дағдыларын, тілдік дағдыларды, талдау дағдыларын, білім беру бағдарламаларын жасау дағдыларын алуға мүмкіндік береді.