Қазіргі заманғы медицинадағы мейіргер рөлінің артып келе жатқанын ескере отырып, қазақстандық жоғары оқу орындары мейіргерлердің қызметінің маңыздылығы мен түсінігін арттыру қажеттілігіне назар аударды. Осыған орай, 2021 жылдың басынан бастап қазақстандық медициналық университеттер жетекші еуропалық университеттермен бірлесе отырып, Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде магистратура және докторантура деңгейінде мейіргер ісін дамыту бойынша Еуропалық Эразмус+ бағдарламасының қолдауымен AccelEd (Accelerating Master and PhD Level Nursing Education) жобасын іске қосты. Жобаның бірінші жылында серіктестер мейіргер ісі бойынша білім алушылар мен оқытушылардың дағдылары мен білімдерін арттыруға бағытталған мастер-класстар мен оқыту семинарларын өткізуге қол жеткізді. Бір жыл бойы іс-шаралар онлайн режимінде өткізілді, дегенмен, жақында карантиндік шаралардың жеңілдетілуіне байланысты AccelEd қатысушылары Нұр-Сұлтандағы жобаның орындалу барысын талқылау үшін дөңгелек үстел түрінде және мейіргерлік қызметті дамытудың заманауи әдістемесі бойынша Қарағанды қаласында мастер-класс түрінде тікелей кездесулер өткізуді шешті.
3 желтоқсанда Астана медицина университетінде «Қазақстандағы мейіргер ісін дамыту, ғылыми зерттеулерді, тәжірибені және дәлелді мейіргер ісін қолдануды нығайту» атты дөңгелек үстел өткізілді. Онда қазақстандық серіктестер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Назарбаев Университетінің өкілдері, денсаулық сақтау ұйымдарының бас мейіргерлері, сондай-ақ еуропалық үйлестірушілер мен жоба менеджерлері қатысты. Еуропалық тарапты Литва денсаулық ғылымдары университетінен жобаның бас үйлестірушісі Юрате Мацияускиене және Ювяскуля қолданбалы ғылымдар университетінен жоба үйлестірушісі Йоханна Хейкилля таныстырды.
Дөңгелек үстелде қатысушылар жобаның нәтижелерімен танысты және мейіргер ісі мен ғылымның өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, сондай-ақ мейіргер ісінің тұрақтылығын және одан әрі дамуын қамтамасыз ету мақсатында жоба нәтижелерін пайдалану жолдарын талқылады.
AccelEd серіктестерінің пікірінше, жобаның мақсаттары – дүние жүзіндегі мейіргер саласындағы заманауи мәселелерді ескере отырып, оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін арттыру арқылы Қазақстанда мейіргер ісін нығайту, мейіргер ісі факультетінің зерттеу әдістемелеріндегі әлеуетін арттыру үшін мейіргерлік зерттеулердің кең халықаралық қауымдастығына қосылу, мейіргерлік зерттеулерге арналған тұрақты құрылымдар мен жүйелі процестерді құру медициналық университеттер мен денсаулық сақтау мекемелері арасындағы дәлелді мейіргер ісін дамыту бойынша ынтымақтастық, магистратурада және докторантурада мейіргерлік білім беруді басқарудағы құрылымдық және институционалдық өзгерістерді бастау және мейіргер ісі бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді үздік еуропалық тәжірибеге сәйкес қамтамасыз ету. Осы міндеттерді орындау үшін жоба аясында іс-шаралар жүргізілуде.
Сондай шаралардың бірі – 2021 жылғы 6-10 желтоқсанда Қарағанды медицина университетінде өткізілетін «Мейіргер ісін дамытудағы сервис-дизайн тәсілі» мастер-классы. Ол Ювяскуля қолданбалы ғылымдар университетімен (Финляндия) бірлесе отырып, медициналық университеттердің оқытушы-профессорлар құрамына, университеттік клиникалардың медициналық қызметкерлері, мейіргер ісі саласындағы магистранттар мен докторанттар үшін ұйымдастырылды. Мастер-класстың мақсаты – инновациялар мен әртүрлі серіктестер арасындағы ынтымақтастықты тудыратын процестерді, жұмыс тәсілдерін, әдістер мен өзара әрекеттесулерді құру және ұйымдастыру бойынша қатысушылардың білімі мен дағдыларын арттыру. Осылайша, AccelEd жобасының қатысушылары жоба аясында атқарылған жұмыстардың арқасында, расында, магистратура мен докторантура деңгейінде мейіргер ісі бойынша кадрларды даярлау жақсарады, мейіргер ісі мамандығына үміткерлер саны көбейеді және мейіргерлер кәсіби тұрғыдан өседі деп сенеді.